Ардақ НАЗАРОВ,
ережесіз жекпе-жектен үш дүркін әлем чемпионы:
– Дүниедегі ең үлкен бақыт – нұрланған жүректе болса керек. Алла Тағала қалаған құлына иман беріп, қалаған құлын адастырады емес пе?! Имандылыққа бет бұруыңыз әрине, алдымен Алланың қалауы ғой. Дегенмен кейде адамның Исламға келуіне бір оқиғалар себеп болып, бір адамдар себепші де болып жатады. Ал сіз Хақты қалай таныдыңыз?
– Өзіңіз айтып отырғандай Алла Тағала байлықты қалаған құлына береді, бірақ иманды, Исламды, ізгі жүректі өзінің сүйген құлдарына ғана береді екен. Алла Тағаланың жүрегімізді ашып, ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажыратуға жол көрсетіп, нұрлы жүрек пен Исламды нәсіп еткеніне шүкіршілік етемін. Раббыма сансыз мақтау болсын! Менің Исламға келуіме басты себеп болған нәрсе мұсылман отбасында өскендігім болса керек. Атам мен әжем намаз оқитын. Бала кезімде әжемнен естіген көптеген уағыздар әлі күнге дейін жадымда. Кішкене күнімізде намаз оқымасақ та әжеміздің намаз оқығанын қызықтап өстік. Кейін арман қуып Алматыға келгеннен кейін көптеген мұсылман бауырларымыздың «Ардақ, Алладан қорық. Өйткені, қияметте Алла Тағала сен спортшы екенсің ғой, сен чемпион екенсің ғой демейді. Оразаң мен намазыңды, істеген ізгі амалдарыңды сұрайды» деген сияқты уағыз-насихаттарын естідік. Солай «Не үшін жаратылдым? Кіммін? Қайдан келдім? Жаратылудағы мақсатым не?» деген сияқты сұрақтар төңірегінде ойлана бастадым. Бірақ жұма намазын қалдырмай, үнемі барып тұратынмын. Бір күні жұма намазына барсам, белімнен ғана келетін кішкентай бір бала қасымда намаз оқып тұр. Соны көріп ұяттан, намыстан жерге кіріп кете жаздадым. «Мына кішкентай баланы қарашы, намазын оқып жатыр. Ал мен болсам дап-дардай азаматпын. Одан күшім көп, тамақты да көп жеймін. Ақылым одан да үлкен. Намаз оқымай жүргенім мынау» деп өз-өзіме қатты ренжідім. Сөйтіп, намазға бет бұра бастадым. Кейін Алла Тағаланың қалауымен бес уақыт намазға жығылдым. Намазымның, дінімнің, спортқа, өміріме, тіршілігіме ешқандай кедергісі жоқ. Керісінше, ең бақытты адам менмін. Жарысқа шығатын болсам, Алла Тағалаға тәуекел етемін. Үнемі, Алла Тағаланың мені бақылап, бағдарлап тұрғанын білемін. Алланың шынайы құлы болғаным үшін, Оны танып, құдіретін сезінгенім үшін Оған сансыз мадақтар айтып, шүкіршілік етемін. More